Дөңгелек үстелдің тақырыбы: «Халықтар бірлігі – Қазақстан бірлігі»
Сынып: 5-6 сынып.
Өткізген: Базархан Х
Шокыбаева К.К.
Мақсаты:
Білімділік: Оқушылардың білімдерін тереңдету,туған өлке туралы мәлімет беру
Тәрбиелік: Танымдық белсенділігін арттыра отырып, Отанын, халқын сүюге, ержүректілікке, азаматтыққа, патриоттық сезімге тәрбиелеу;
Дамытушылық: Шәкірт жүрегінде Қазақстанға деген сүйіспеншілік сезімін ояту, туған жеріне, елін құрметтеу. Олармен бірге «Туған жер», «Ана тілі», «Мемлекеттік тіл», «Ел тарихы» , «Елімнің отаншыл адамдары» тақырыптарына ой толғау.
Көрнекілігі: слайдтар көрсету, үнтаспа, шарлар, суреттер .
Формасы: Дөңгелек үстел
Сабақтыц барысы:
Мұғалімнің сөзі:
Ата-бабаларымыз аңсаган азаттық пен тәуелсіздікті алдық. Ендігі мәселе— соны ертеңге жеткізу. Келесі ұрпаққа, болашаққа Қазақстанның осы тәуелсіздігін аманаттау.
Н.Ә. Назарбаев.
Менің елім — менің Қазақстаным! Осы құдіретті сөзді әрбір Қазақстан Республикасының әрбір азаматы асқақ сезіммен, мақтанышпен айта алары хақ... Өйткені біздер, асқақ арман жетегінде, отаншылдық рухты ту еткен ұлт пен ұлыстардын ұл-қыздары, қасиетті қазақ топырағында өсіп-өніп, мекен етіп, береке-бірлікте, достық қарым-қатынаста, тыныштық пен татулықта өмір сүріп жатырмыз. Біз осы жарасымды тыныс тіршілігімізді Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жан-жакты ойлап, кемел ойлы, кемеңгер ата-бабаларымыздың жолымен жүрген ақыл-парасатының, азаматтық саясатының нәтижесі деп білеміз.
Қазіргі ауқытта елімізді әлемдегі барлық ел таниды, танып қана қоймай еліміздің жетістіктеріне қызғанышпен қызыға қарайды. Біз осындай тәуелсіз, бірлік, бейбітшілік орнаған елдің ұрпағы болғанымызға мақтануымыз керек.
Бүгін бізде – «Халық бірлігі – Қазақстан бірлігі » тақырыбында сыр шертейік!
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,
Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.
Мен оның қасиетті тілін сүйем,
Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!»- деп сыбырлаған.
Жаным менің,
Кеудемді жарып шық та,
Бозторғайы бол оның шырылдаған!
Отан!
Отан!
Бәрінен биік екен,
Мен оны мәңгілікке сүйіп өтем.
М. Мақатаев
- Енді, Отан дегеніміз не? Осы тұрғысынан Отан , Қазақстан ұғмдарына тереңірек тоқталсақ.
Оқушы: Әр адамда Отан бар. Отан, туған жер, атамекен – біз туып – өскен жер. Менің Отаным –Қазақстан Республикасы. Менің кіші Отаным – кіндік қаны тамаған жерім.Меніңше, өз Отанын, туған жерін сүймейтін адам жоқ. Отан – кең мағыналы, қасиетті ұғым. Отанымыз туралы, оның тарихы, салт – дәстүрі, тілі өткені мен бүгіні жайлы жақсы білуіміз керек.
Оқушылардың жауабы:
- туып – өскен жер,
- адамның кіші Отаны да болады. Ол – үйі, ауылы, мектебі, достары.
- Отанды сүйе білген адам бақытты.
- Отанды сүю отбасынан басталады.
- Ұлы адамдар сүйікті Отанына тамаша өлеңдер,әндер арнаған.
Оқушы:«Менің Отаным – Қазақстан!» - деп жұдырықтай жүрегімнен шыққан осы сөзді мақтанышпен айтамын. Ата-бабамыздың азаматтық жолындағы ерен ерлігінің арқасында осынау іңкәр заманға жеткен елімді мақтаныш етемін. Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Біз Тәуелсіздікті 1991 жылы алдық. Қазақстанның бір бөлшегі менің өсіп,тұрып жатқан жерім. Отан меніңше теңіз,өзен,жұлдыз,күн,калалар және адамдар. Атам,әжем,әкем,анам,бауырым,досым бәрі менің туған елім. Мен Отанымның кішкентай бөлшегімін. Туған елімнің табиғаты әдемі. Рас айтамын,өте әдемі.
Ойлаған арманым көп. Мен болашаққа сенемін. Өскен соң Алла қаласа ғалым боламын. Болашағымның жарқын болатынын лүп-лүп еткен жүрегім сезеді. Еліміздің болашағы біздерміз. Ата-анасының Отанын сыйлаған жастар ғана еліне адал қызмет етеді. Мен өз еліме тыныштық,жақсылық тілеймін.
Менің ойымша, Отанды сүю дегеніміз – өз еліңе, өз халқыңа, өз жеріңе деген зор құрмет! Егер де әрбір қазақстандық өз Отанын шынайы ниетімен қадірлеп, оның қуанышына сүйініп, кем-шілігіне күйінетін болса, жер бетіндегі басқа халықтардың да бізге деген құрметі, көзқарасы өзгереді. Менің ойымша, нағыз патриоттық осыдан басталуы керек сияқты. Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ана тілімізді құрметтеу, мемлекеттік тілде өзіңнің ой-пікіріңді жасқанбай айта білу де – патриоттықтың бір белгісі. Отаншылдық пен ана тілімізге деген зор құрметті біріктіре білген әр азаматтың елсүйермендік сезімі жоғары болады деп ойлаймын. Бұған қосып тағы айтарым, әр азаматтың отансүйгіштігі – адамдарға деген адамгершілігі, өз ісіне деген адалдығы, өз бойындағы кемшілігін мойындап қана қоймай, соны жою үшін әрекет етуі. Сонымен қатар, патриоттық дегеніміз – қазақтың өз-өзіне деген құрметі! Мысалға айтсақ, өз еліне деген құрмет – бұл мемлекеттегі саяси тұрақтылықты сақтау, ұлтаралық татулықты нығайту.
Мұғалім : Жақсы, , рахмет! Енді балалар,Қазақстанның кешегі күні мен бүгінгі күніне көз жүгіртсек. Қазақстан –бейбітшілік ортасына қалай айналды?Өз ойларыңызды ортаға салсаңыздар.
Оқушы: Тәуелсіздік туы тұғырына қонғалы аз да емес, көп те емес. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып, жаңарып, жаңғырып жатырмыз, Тәуба! Еркіндіктің таңы атты, Тәуелсіздік кемесіне мініп, 21 ғасырға кірдік. Ұлы бабалар ұрпақ үшін, « ұлым – құл, қызым – күң » болмасын деп, қан майданда шайқасты, талай алып мемлекеттермен маңдайымызға біткен мына дархан даламыз үшін айқасты. Бүгінгі бейбіт күніміз-өткен күрестер жеңісінің арқасы. Осындай қым-қуыт қиыншылықтың нәтижесінде қолымызға түгел тиген тізгінімізді мықтап ұстауға қайсар да қайратты білек керек. Ең әуелі, егеменді ел болып, халқымыз өз еркімен демократиялық тұрғыда тұңғыш Президентін сайлады. Мемлекеттік тәуелсіздігіміз жарияланғаннан бергі уақыт ішінде Қазақстанды әлем таныды. Аяулы ана тіліміз – бай әрі құнарлы қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Енді мекендердің тарихи атаулары қайтарылып, халықтың біртуар ұлдарының аты ардақталып, мерейтойлары өткізілді.
Оқушы:Біз бүгін кешегі өткен ата-бабаларымыздың жолын тарих беттерін парақтап отырып, олардың қандай жаугершілік заманды басынан өткергенін көре аламыз. Осыған қарамастан осындай ұлан-байтақ даланы білектің күшімен найзаның ұшымен қорғап қала білді. Әбілқайыр хандығы ыдырағаннан кейін нақ сол қалыптасқан халықта, нақ сол этникалық аумақта, нақ сол шаруашылық-экономикалық жағдайларда билеуші әулет қана алмасып.
Біз патриот болу үшін не істеуіміз керек? Патриоттық сезім қалай қалыптасады?
Оқушы: Патриоттық сезім әрбір адамға отбасындағы тәлім-тәрбиеден, мектепте алған білімінен бастау алады. Патриот болам деген азамат ең алдымен, өзінің ана тілін жетік меңгеруі керек. Біз жастайымыздан өз тарихымызды, мәдениетімізді, өнерімізді, спортымызды дәріптей білсек, олардың санамызға сіңдіре білсек, патриоттық сезім пайда болады. Патриоттық дегеніміз әрбір адамның күнделікті ісінен де көрініс табады. Қалай? Мысалға, мектеп пен жоғары оқу орынында жақсы оқып, өз қабілетімен жұмыс тауып, отбасын құрып, өзі тұратын мемлекетке деген адалдығын көрсету де патриоттыққа жатады.
Біздің мемлекетіміздің сындарлы саясаты барлық жастарды патриоттыққа үндеп отыр. Қалай? Мысалға, мемлекет: «Сен осы елдің азаматысың! Әрқашан осы елдің қорғауында боласың! Сен осы мемлекетті дамытуға атсалысуың керек! Сен осы мемлекеттің болашағына жұмыс істеуің керек!» деген саясат жүргізіп отыр. Қазіргі кезде қазақстандықтар әлемнің қай қиырына барып, білім алғысы келсе – барлық мүмкіндіктер бар. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ» бағдарламасымен қаншама мыңдаған жастарымыз шетелдердің ең үздік деген жоғары оқуы орындарында оқып жатыр. Ал, Қазақстанда қалып оқығысы келетіндерге мемлекеттік гранттар, несиелер беріледі. Оқуын жақсы аяқтаған адам жақсы жұмысқа тұруға да мүмкіндік алады. Осыдан кейін: «Елім маған осынша көмек көрсетті. Ал өзім Еліме не беремін?» деп ойлануы керек. Яғни, өз елінің мүддесіне аянбай қызмет ететін жастар – шынайы патриоттар. «Әрқайсысымыз да, бәріміз бірдей еліміздің болашағы үшін жауаптымыз. Біздің міндетіміз – сапалы білім алып, өз ісіміздің нағыз маманы болу, Отанымыздың игілігі үшін өмір сүру, еңбек ету!»
Мұғалім:
Қай мемлекет үшін де өз тәуелсіздігі өте қымбат. Егемендік - көптеген ұлттар мен халықтардың мәңгілік асқақ арманы да, мақсаты да болды. Егемендік үшін әлі де күресіп жатқан халықтар бар. Бабаларымыз да «Егемен болмай ел болмас, етектен кескен жең болмас» деп, осынау ұлан-ғайыр даланы иемденген халқының тәуелсіз ел болып, өзгелермен терезесі тең, жеке мемлекет болғанын армандап өтті. Халқымыздың бақытына орай еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тереңнен зерделей білетін саясатының, келешекті болжай білетін көрегендігінің арқасында 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан егемендікке қол жеткізді. Бұл айтуға жеңіл, атқаруға келгенде ғасырлық салмағы бар іс болды.
Оқушы: «Көпұлттылық»
Қазақстан – көпұлтты, унитарлы, тәуелсіз мемлекет. Әлем таныған Отанымызда жүз отыз ұлт пен ұлыс өкілдері бір үйдің баласындай достық пен татулықта, жарасымды бірлікте қоян-қолтық өмір сүруде. Біз – ынтымағы жарасқан елміз. Қиын-қыстау кезеңде тағдырлары табыстырған халқымыз бір шаңырақтың астында сүттей ұйып отыр.
Ұлтаралық қатынас көп ұлтты Қазақстан Республикасында ерекше көңіл аударуды қажет ететін мәселелер қатарына жатады. Қазақстан жерін мекендейтін халықтардың достық, туысқандық қарым-қатынасы, оларды біртұтас мақсатқа жетелейтін жетекші ұлттық мүдде болуы қазіргі саясаттың маңызды бөлігіне айналды.
Оқушы: Ассамблея
Қазіргі уақытта Ассамблея құрамында 394 мүше бар.
Республикада Қазақстанның барлық этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Ассамблея қызметі Қазақстанның этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешетін ел ретіндегі халықаралық беделін арттыруға ықпал етеді.
2015 жылы ҚХА-ның құрылғанына 20 жыл толады. Соған орай 2015 жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды
Ассамблеяның мақсаты – қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біркелкілікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде республикадағы этносаралық келісімді қамтамасыз ету.
Оқушы: Конституция
Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат- Конституция. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.
Осыдан 20 жыл бұрын, 30- тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң - мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Өткен 20 жылдан бері мемлекет пен қоғамның дамуындағы өзгерістер - демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығу талпыныстарының бәрі - Ата заң қағидалары негізінде жүзеге асырылып келеді.
Тоқтала кететін тағы бір жайт, Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады екен. Расында, бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып табылатын құжат енді ғана 20жасқа толып отыр. Әрине, тарих ауқымымен айтқанда, бұл азғантай ғана мерзім. Десе де, осындай заманда Қазақстанның Ата заңы уақыттың сынынан сүрінбей өтті, өзінің заман талабына лайықтығын жан-жақты дәлелдеді. Ал көптеген зерттеушілердің пікірінше, Қазақстанның Конституциясы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 конституцияның бірі болып саналады екен. Бұның өзі Ата заңымыздың үлкен әлеуетін білдірсе керек.
Осы қасиетті Ата заңымыздың арқасында қазіргі таңда Астана қаласы Бейбітшілік қаласы мәртебесіне ие болып отыр.
Мұғалім:Қазіргі таңда Қазақстан – өркениетті, дамыған елдер қатарына енген мемлекет. Осы мемлекетті одан да биіктен көрсету – бүгінгі ұрпақтың қолында.Тәуелсіздік біздің алдымыздағы жарқын болашаққа жол ашып берді. Біз сол жолмен алға баса береміз.Болашақты жалғастырушы – біздерміз
Қорытынды сөз
Қазір әлем назары — Қазақстанда! Ел беделіне нұқсан келтіретін қандайда бір әрекетке жол бермеу — әрбір азаматтың парызы.
Қазақстан өз алдына экономикалык, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне аяқ басу мақсатын қойып отыр. Ел бірлігі мен Елбасының жүргізіп отырған көрегендік саясатының арқасында алдағы кезенде де үлкен жетістіктерге қол жеткізеріміз анық.
Қазақстан мемлекеті мен халқымыз үшін қажырлы қызмет атқарып жүрген, әлемдік қауіпсіздік үшін ізгі бастамалар көтерген, беделді алпауыт елдердің ұстанымына оң ықпал еткен ірі саяси тұлғамыз бар. Ол — сарабдал саясатты ұстанған көреген көшбасшы, Қазақ елін дүние жүзіне танытқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сезімен аяқтағым келеді:
«Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық мемлекетінің коркеюі жолында Жан теріңмен еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екенінді ұмытпа!»
Қазақстанның болашағы – сендер.
Қазақстанның адал азаматы, елдің тірегі болатындарыңа мен сенемін.
- Отанымыз тыныштыққа, еліміз бейбітшілікте болып, күн сәулесі бақыт нұрын шашсын!