Сыныптан тыс іс -шара 5-8 сынып.
Тақырыбы: «Өнерлінің қолы алтын»
Өтілу формасы: (сайыс)
Міндеттері: Ойын тәсілі арқылы оқушылардың ойын дамытып, пәнге деген қызығушылығын ояту; Өнерді түсініп, бағалап, меңгеруге бағыт-бағдар беру; Өнер үйренуде өз беттерінше ізденудің қажеттілігін сезіндіру.
Мақсаты: Оқушылардың танымдық және шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамын, шеберлігін дамыту. Өнерді тануға, қызығуылыққа баулу, әдептілікке, парасаттылыққа тәрбиелеу.
Әдісі: Ойын сауық, жарыс.
Пәнаралық байланыс:Тарих, әдебиет, математика, бейнелеуөнері, биология, география.
Көрнекілігі: қолөнер бұйымдары, презентация
І. Ұйымдастыру бөлімі:
- сайыстың тақырыбы мен таныстыру,
- сайысқа қатысушы топтармен таныстыру,
- сайыстың шарттарымен таныстыру
ІІ. Сайыс барысы:
Мұғалім:
Қыздарымыз сүйкімді болсын деп,
Өнер–білімге икемді болсын деп,
Бәйтеректей бойшаңдансын деп,
Өрен-өршіл өркенді болсын деп,
Жақсы жолды таңдайық.
Жамандық тәлім алмайық,
Дарынды мектеп дәстүрін
Жаңалайық, жалғайық,
Ары адал, жаны жаз,
Арулар жолын таңдайық, - деп «Өнерлінің қолы алтын » атты сайысымызды бастайық.
1) – Армысыздар қадірменді көрермен қауым! Бұл сайыста 5-8 сыныптардың қыздары өз өнерлерін көрсетуге келіп отыр.
Сонымен қадірменді көрермен қауым, ақылына көркі сай қыздарымыздың өнері мен өнегесін, білімі мен парасатын тамашалауға баршаңызда қош келдіңіздер дейміз.
Ендігі сәтте бүгінгі сайысымыздың кезеңдерімен таныстырып өтейін.
1-кезең. «Сәлем – сөздің атасы» – деп аталады, әр топ атымен, ұранымен таныстырады.
2-кезең. «Бәйге» сұрақ-жауап сайысы. 10 сұрақ технология пәнінен
3-кезең. «Тіл өнері»
Жұмбақтардың шешуін табу.
4-кезең. «Кім жылдам?» Әр топ мүшелері өздерінің шеберліктерін, икемділіктерін көрсетеді.
Сайыстың 1 кезеңі бойынша топтардың атымен, ұранымен таныстыру.
Мұғалім: Ақылдылық қыздарға жарасады,
Көзі ашықпен бәрі де санасады.
Келесі сұрақ – жауап сайысында
Сыналар білімі мен парасаты – дей отырып, келесі кезекте сұрақтарға жауап береді
«Бәйге»
Әр топқа 10-сұрақ беріледі, тез әрі нақты жауап беру керек.
«Бәйге» 1-топқа
1. Ұлттық бас киімді ата. (сәукеле, тақия, бөрік т.б.)
2. Малдың сүтінен дайындалатын ұзақ уақыт сақталатын тағам (құрт)
3. Кестелеуге ине мен жіптің қандай түрін алған жөн? (жіңішке ине, кесте жіп)
4. Шыт, атлас, жібек (мата)
5. Сумоншақтың орысша атауы (бисер)
6. Адам баласы тәуліктің қай мезгілінде жақсы тамақтану керек? (түсте)
7. Ең көп пайдаланатын асханалық құрал? (Пышақ)
8. Биенің сүтінен дайындалатын сусын? (Қымыз)
9.Сүт тағамдарына не жатады? (Сүт, айран, қатық, кілегей, шубат, қымыз, ірімшік, құрт, шалап.)
10. Ою-өрнек түрлері нешеге бөлінеді? (4 Жануар тектес, өсімдік тектес, геометриялық, космогониялық)
«Бәйге» 2 – топ 8 А сыныбы
1. Химиялық талшықтар нешеге бөлінеді? (жасанды, синтетикалық)
2. Қамырдың негізгі шикізаты (ұн)
3. Қандай қолданбалы өнер түрлерін білесіңдер? (кілем тоқу, құрақ құрау, киіз басу, сырмақ сыру)
4. Киізге ою-өрнек басып жасалған кілемше (түскиіз)
5. Иық бұйымына жататын қазақтың ұлттық киімі (камзол)
6. Кестелеу үшін қандай құрал керек? (кергіш, оймақ, ине)
7. Кестелеуге ине мен жіптің қандай түрін алған жөн? (жіңішке ине, кесте жіп)
8. Ою-өрнектің қандай түрлерін білесіңдер?
9. Ұлттық тағамдар
10. Тоқуға арналған құралдар?
3-кезең. «Тіл өнері»
Мұғалім: Ал, қанеки, қыздар, ойнайық,
Ойнайық та, ойлайық
Қандай жұмбақ болса да,
Шешпей оны қоймайық – дегендей жұмбақ шешіп көрейік.
1-топ
1) Бар екен дүниеде жалғыз көзді,
Сол көзбен дүниенің бәрін кезді.
Әлемді он сегіз мың киіндіріп,
Дүниеден жап-жалаңаш өзі безді. (Ине)
Оқу инемен құдық қазғандай.
2) Құрғақ жерде сақтайсың
Онсыз тамақ татпайсың. (Тұз)
Доссыз адам – тұссыз ас.
3) Арық ат қарны қабысқан
Бір көлді ішіп тауысқан. (Қасық)
Құрғақ қасық ауыз жыртар.
4) Дәмді-дәмді тағамдарды жинайды,
Қонақтарды көңілдене сыйлайды. (Дастархан)
Қоныс көркі – там,
Дастархан көркі – нан.
2-топ.
1) Дастарханға шуылдап,
Күніне үш жиылар,
Жарты сағат қимылдап,
Жарты сағат жуынар. (ыдыс-аяқ)
Шешесін көріп, қызын ал
Ыдысын көріп, асын іш.
2) Қимылдаса қос шебер,
Қыруар-қыруар іс өнер (Қол)
Көз қорқақ, қол батыр.
3) Тұмсығы мықты ,
Қыр мен ойды тегістеп шықты. (Үтік)
Ісмердің бүлдіргенін үтік жөндейді
4) Суда туады, суда өледі. (Тұз)
Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?
4-кезең. «Кім жылдам?»
1-топ: үйтұмар жасау
2-топ: әмиян жасау
Керекті құрал жабдықтар: мата, ине, жіп, қайшы, желім, қалам.
Үлгілер:
Жұмыс барысы:
1) Берілген шеңбер үлгісі арқылы матаға қойып қиып аламыз;
2) Оюлардың үлгісін матаға бастырып қиып аламыз;
3) Қиып алған оюларымызды маталарға желім арқылы жапсырамыз;
4) Шетін тоқыма жіппен безендіреміз.
ІІІ. Қорытынды:
Мұғалім: Еңбек етсе бақ қонады ерге епті,
Еңбекпенен ел өркендей бермекті.
Мұратына жеткен әрбір азамат,
Мәңгі жырлап өтер деймін еңбекті
Кімдер білгір,кімдер ұшқыр
Салыстырып біз көрдік,
Қара қылды қақ жарып,
Әділін тек айтатын,
Ортамызда төбе би
Өзіңізге сөз бердік,-деп бүгінгі сайысымызды аяқтай отырып,әділқазылар алқасына сөз береміз.
(әділқазылар алқасынасөз беріледі.Марапаттау)
Мұғалім: Демеңіз біз өнерді аяп қалды,
Уақыт біраз жерге таяп қалды.
Көріскенше хош сау болып тұрыңыздар,
«Өнерлінің қолы алтын »сайысымыз аяқталды.